Студенттер үйіндегі «Оймақ» үйірмесінің келесі туындысымен таныс болыңыздар.
Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мерекесі қарсаңында «Оймақ» үйірмесінің өнерлі де,шебер қыздары ұлттық бас киім тақия, соның ішінде қасабалы тақия тігіп үйренді.
Қазақ қыз-келіншектері киімінің негізгі ерекшелігі – тұла-бойды жауып тұратындығында.Қыз баланың киімі, әсіресе, бас киімі оның жасы мен отбасындағы жағдайына байланысты өзгеріп отырған.Қазақ қызға қырық үйден тыйым жасаған, қыз етегінің ұзын болу себебі , ибалықты білдірсе, кимешек секілді басты жауып тұратын бас киімдер күннің ыстығынан, қыстың ызғарынан қорғаған.Қазақ қыз келіншектерінің бас киіміне жас ерекшеліктеріне қарай киетін тақия, қыздар кепеші, сораба, жырға, бөрік,қарқара, сәукеле, қасаба, күндік, шәлі, кимешек жатады.
Құлпырған қыздың ажарын аша түсетін- тақия асқан ұқыптылықпен, зерлі тігіспен басқа да әртүрлі моншақтармен, күміс теңге, маржан тастармен әшекейленеді.Үкілі тақия- қазақ қыздары ерекше ұнатып киетін бас киім.
Қасаба-маңдай тұсын түгелдей асыл тас, алтын,күміс әшекейлермен безендіріп,ұзын салпыншақты етіп жасалған қыз тақиясының бір түрі.Қасаба дөңгелек тақияға ұқсас етіп пішіледі де,артқы жағына немесе желкесіне қарай бірте-бірте ойыңқы түскен құламасы болады.Ұмытылып бара жатқан қасабаны бүгінгі күнге жеткізіп, зерттеген мемлекеттік қайраткер, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтың қосқан үлесі зор.Қаламыздағы өлкетану мұражайының қоры көне жәдігерге өте бай.Солардың бірі-қазақ арулары киген бас киім түрі осы- қасаба.
Біз де ұлттық өнер мен өнегені дамыту мақсатында қасабалы тақиямызды мереке қарсаңында тігіп болдық.Наурыз мерекесі құтты болсын ағайын!