6 наурыз күні Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде құрылған «Аналар кеңесінің» жұмыс жоспарына сай, 8 Наурыз халықаралық әйелдер күніне арналған колледж студенттерінің әже, аналарының қатысуымен «Бәрі де ана бір өзіңнен басталды...» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Шараның негізгі мақсаты - ұрпақ тәрбиесіндегі үштік одақтың жұмысын жандандыра отырып, «Қыз тәрбилей отырып, ұлтыңды, ұл тәрбиелей отырып рухыңды тәрбиелейсің» дегендей әжелер мен аналардың бала тәрбиелеудегі тәжірибесімен бөлісу, пікір алысу алаңын ұйымдастыру.
Дөңгелек үстел басына колледждегі оқу озаттары мен белсенді студенттерінің бір бөлігінің әжелері мен аналары жиналды. Алдымен колледж директоры А.Ж.Кайрлиева аналарды мерекелерімен құттықтап, «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деп алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, колледждің үлгілі, тәрбиелі, белсенді студентін - ұлт болашағын тәрбиелеуге ата-ана ретінде өзіндік үлесіңізді қосқаны үшін алғыс хаттар табыстады. Әрі қарай ән, жыр, бимен өрілген дөңгелек үстел барысында отбасылық тәрбие ұстанымдары, «Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі», Әже-отбасының алтын қазығы ретінде бала бойына ұлттық салт-дәстүрді сіңірудегі әжелердің рөлі тақырыптарында тағылымды әңгімелер айтылды.
Абдулов Эльнурдың әжесі Бакеева Алтын апай отбасылық тәрбиеде алдымен баламның құрбы-құрдасының, ортасының кім екендігіне аса мән беретіндігін жеткізсе, Дайырова Динаның анасы Сымбат Қалымбекқызы балаға бала деп қарамай, тең дәрежеде сөйлесіп, үлкен сенім білдіру керектігін, Жексенғазы Шерханның анасы Арайлым Гарифоллақызы баланың дұрыс жолда жүруі үшін бос уақытының болмауы, уақытын тиімді пайдаланып үйірмелерге қатыстырудың маңызы зор дейді. Қайруллаева Аруайдың әжесі Бақыт Сұңғатқызы отбасымен мұғалімдер династиясы екендігін, сол дәстүрді бүгінде немерелері де жалғап келе жатқандығын, әр отбасы ұрпағы дұрыс жолда болуы үшін жақсы үлгі көрсете білуі керектігін әсерлі жеткізіп, колледж студент қыздарына мерекелік сый ретінде Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасынан Меңтайдың анасының күнделігінен үзінді оқып берді. Шығармадағы бұл жолдар қыз бала тәрбиесі үшін құнды кеңестер екені даусыз. Отбасындағы озық дәстүрлерді ортаға салатын тағылымды отырыстар жалғасын таба бермек.