Жаһанша жоғарғы педагогикалық колледжінде Жаратылыстану және қоғамдық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен Ұлағатты ұстаз- Сапиев Біржан Кәрімұлымен «Ұстаз болу -жүректің асылдығы» атты кездесу кеші өтті.
Мақсаты: Сапиев Біржан Кәрімұлының азаматтық тұлғасы және ұстаздық болмысымен студенттерді жан-жақты таныстыру. Шараға оқытушылар мен студенттер және шақырылған қонақтар қатысты.Біржан Сапиевтің ұстаздық тәжірибесі қырық жыл. Бүгінде біраз жылдардан бері колледжде география, биология, жаратылыстану және өзін-өзі тану пәндерінен сабақ беріп келеді. Күнделікті сабақта ақпараттық-коммуникативтік технологияны, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін, электронды оқулықтарды пайдалану арқылы студенттердің пәнге деген қызығушылығын арттыруды мақсат тұтқан жан. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұсы - оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Кәсіптік білім берудегі басты талап -өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға болуы керек деп ойлайды. Сонымен қатар тәжірибелі маман есебінде, әр сабағын үлкен ізденіспен, ақпарат материалдарын талдау, шығармашылық зерттеу тұрғысында ұйымдастырып, білімді өз бетімен меңгеру бағытындағы студенттердің ақпараттық, коммуникациялық, проблеманы шешу құзыреттіліктеріне ерекше назар аударады. 2020-2021 оқу жылы қорытындысы бойынша «Үздік оқытушы», «Үздік топ жетекші» аталымын жеңіп алған тәжірибелі тәлімгер.
Ең әуелі қызыл кілемде ұстазды «ұлықтау» рәсімі жасалды. Колледж директоры Алтынгүл Қайырлиева мерейтой иесін құттықтап, ал шәкірттері өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізіп Ұлағатты ұстазға «шаңырақтың» лентасын қидырды. Мәжіліс залында жалғасын тапқан шараның шымылдығы 3-курс студенті Елнұр Ермековтың орындауындағы Ә. Желдібаевтың "Ерке сылқым" күйімен түрілді.
Одан соң колледж директоры өзінің жүрекжарды құттықтау тілегінде Біржан Кәрімұлының колледждің білім сапасының артуы мен жетістіктеріне үлкен үлес қосып келе жатқандығын тілге тиек қылып, ұстаздың сан қырлы адами қасиеттері мен кәсіби шеберлігіне кеңінен тоқталды. Келген қонақтарға хош келдіңіз айтып сөз кезегін соларға берді.
Кешке арнайы қатысқан Біржан ағайдың жұбайы Ботагөз апай, немере ағайыны ақын, Жұбантанушы Үзілдік Елубайқызы, курстас достары Облыстық маслихат қызметкері Айболат Самиғоллаұлы мен Ляззат Карлқызы, Біржан Кәрімұлының оқушысы, әрі әріптесі Орал «Сервис» технологиялар колледжінің директоры Айгүл Искалиева , бірге жұмыс жасаған әзіз әріптестері, ардагер ұстаздар Мадина Естурсинова, Максим Нугманов және колледжден түлеп ұшқан шәкірттері, бір топ түлектері кезекпен сөз алып ұлағатты ұстаздың жақсылығы мен шапағатын айтып, мерейтой иесінің мерейін асырды.
Әсерлі кеш төрт бөлімнен тұрды. Ең бірінші Балалық шағы, екінші тектілігі, үшінші ұстаздар династиясы және жанұясы болып бөлінген тараулар жиналғандарды ерекше әсерге бөледі.Әр сала бойынша ойлар ортаға салынып, ілтипатқа толы жылы тілектер ағытылды.Ұстаз үшін- бұдан артық бақыт барма?!Барлық жиналған қауымға үлкен ризашылығын білдірген мерейтой иесі қонақтармен естелік суретке түсті.
Ұстазды дәріптеген ұлағатты шарада «Мың алғыс сізге Ұстазым» әні 1-курс студенттерінің орындауында шырқалса, «Ағаларым» әнін музыка кафедрасының оқытушысы Айбек Тұрарбеков, П. Пицигонни Французский вальс «Свет и тени» музыка кафедрасының оқытушысы Валерий Кожевниковтің орындауында кеш қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады.