14 ақпан күні Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде практика бөлімінің ұйымдастыруымен «Мамандық таңдау – болашақтың кепілі» тақырыбында ашық есік күні ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты - мектеп оқушыларына педагогикалық мамандықтармен таныстырып, мамандыққа таңдау жасауға ықпал ету.
Ашық есік күніне №47, №37, №38, №42, №50 қаламыздың мектептерінің 9-11 сынып оқушылары шақырылды. Бағдарлама бойынша келген қонақтарға экскурсия жүргізіліп, Рухани мұра мұражайы, кітапхана, студенттердің шығармашылық көрмесі, Жаһанша кабинеті таныстырылды.
Директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары М.С.Мұқашев алғы сөзінде колледжміздің білім беру жүйесінде алатын орыны, өңірде сапалы мамандар дайындау үдерісімен ерекшеленіп отырғандығын айта келіп, мамандық таңдаудың адам өміріндегі маңыздылығына тоқталды. Келесі кезекте колледж студенттері: Жампоз Нұрсултан, Абуева Меруерт, Кыдырова Аяулым, оқу процесінде теориялық және практикалық білім алумен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, колледж қабырғасынан көш - басшылық, тұлғалық, адамгершілік қасиеттерінің дамуына жағдай жасалатындығына тоқталып, өздерінің жетістіктерге жету жолдарын презентация арқылы баяндады. Студенттік парламент, үйірме, «Жайық жастары» пед отряд жұмыстарынан көріністер көрсетілді.
Келген оқушылармен жылы қарым-қатынас орнату мақсатында ойын-тренинг ұйымдастырылды. Ашық есік күнін «Музыкалық білім беру» кафедрасының студенттері әсем әнмен әрлеп, көңіл- күй сыйлады.
Шара соңында колледж туралы жарнамалық ролик көрсетіліп, келесі оқу жылына қабылданатын мамандықтармен практика әдіскері Ж.Ж.Жонкарбаева таныстырып, сұрақтарға жауап берді. Оқушылар шара туралы өздерінің алған жағымды әсерлерін, қызығушылық танытқан мамандықтары туралы өз пікірлерін білдірді.