05 ақпан күні педагогика, психология кафедрасының оқытушылары Қырғызстан елінен келген әріптестерін қазақтың салт-дәстүріне сай шашу шашып, қонақжайлықпен қарсы алып, бауырсақ, көжеден дәм татқызды. Кафедра меңгерушісі Сахипова Жанаргүл Мендібайқызы педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, профессор және 25 жылдай колледж директоры қызметін атқарған Құрманалина Шалқыма Хайроллақызына арналып ашылған дәрісхананы таныстырды. Таныстыру барысында ғалымның ғылыми еңбектері, жариялымдары, мақалары және оқулықтары мен оқу құралдарын айтып, қабырғадағы стендтерін көрсетті.
Сонымен қатар, кафедра жанынан құрылған «Әй-керім»қыздар клубының жетекшісі Р. Ғалымова үйірме мүшелерімен ғасырлар бойы халқымыздың ұлттық дүние танымымен қалыптасқан ырымдар мен тиымдардың астарын, оның ішінде, қылықты қыздарға сыйға берген қасиетті шаштың да киесі барын түсіндіріп, қыз баланың шаш қою үлгісін, бұрымның қойылу дәстүрін, шашқа тағатын әшекей бұйымдар шашбау, шаштеңге, шашқап, шекеліктерді ажыратудың ерекшеліктерін көрсетті.