Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында «Бір колледж-бір кітап» акциясы бойынша оқытушы Б.М.Каримованың ұйымдастыруымен 1аКШК-9, 1аКШИ-9 топтары арасында «Адамзаттың Айтматовы» атанған қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» немесе «Ғасырдан да ұзақ күн» шығармасы бойынша кітап оқу сайысы өтті.
Шара барасында екі топтан студенттер шығып шығарманың композициялық құрылымы бойынша баяндап шықты, осылайша оқырман қауым шығармадағы басты оқиғалармен таныс болды. Келесі кезеңде шығармадан өздеріне ерекше әсер еткен бөліктерінен көрініс көрсетіп, әр топ өз дайындықтарын көрсетті. «Боранды бекет» шығармасының негізгі тақырыбы қоғамдағы қолдан жасалған мәңгүрттік пен рухани мешелдік болатын болса, екі топ та қойылымдарында осы екі нәрсені таныта білді. 1аКШК-9 тобы «Найман ана» аңызынан мәңгүрт баласын іздеп келген Найман ананың
«Мен ботасы өлген боз мая, Тұлыбын ĸеліп иісĸеген…
Қайғылы ĸүнім қаранғы Қайғыртып ĸетті -ау,бір заман...» деген зарлы жоқтауы көрермендердің көңілін босатса, шығарма кейіпкері Қазанғаптың ұлы Сәбитбектің рухани мәңгүрттігі, өз ата-бабасының тарихына деген, «аманатқа -қиянат» деген ұлттық қағидаларға салғырттық танытуын 1 аКШИ-9 тобы да образға кіріп ойнай білді.
Шара соңында топтар бір -біріне шығарма бойынша сұрақтар қойып, алған білімдерін ортаға салды. Колледж кітапханашысы Ұ.Қабиева, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы меңгерушісі А.Т.Қойшекенова, оқытушы Б.А.Жұмагазиева сайысқа қазылық етіп, сайыс жеңімпазына 1аКШК-9 тобын анықтады.
«Бір колледж-бір кітап» акциясы бойынша челленджді жалғастыру 1аКШО-9, 1аКДО-9 топтарына жолданды. Кітап оқу- барлық жақсылықтың бастамасы, кітап ақылды серігіңе айналғанда ғана, адамның рухани көздері ашылмақ.