Ж.Досмұхамедов атындағы жоғарғы педагогикалық колледжінде Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен өңірімізге, елімізге белгілі ұлағатты ұстаз - Алтынай Жауарбекқызының мерейтойына арналған кездесу кеші өтті. Мақсат - кейінгі жас ұрпаққа өз ұстаздары Алтынай Жауарбекқызының кісілік келбеті мен азаматтық тұлғасы және ұстаздық болмысын насихаттап , студенттерді жан-жақты таныстыру.
Шараға ұстаздың әр жылдары өзімен бірге жұмыс жасаған әзіз әріптестері, ардагер ұстаздар және колледжден түлеп ұшқан шәкірттері , оқытушылар мен студенттер қатысты.
Салтанатты шара «QJ» квартетінің орындауындағы «Ұстазым» әнімен басталды.Одан соң колледж директоры Алтынгүл Қайырлиева сөз алып, мерейтой иесін мерейлі жасымен құттықтап, ақ тілегін арнады.Колледжде ұрпақ сабақтастығы аясында атқарылып жатырған игі шаралар ұшан -теңіз солардың бір көрінісі осындай мерейлі жасқа толған ұстаздарымыздың ұлағатты өмір жолын студенттерге дәріптеу -деді ол өз сөзінде.
Кеш иесі асқаралы алпысқа толған Алтынай Жауарбекқызы өзінің ұстаздық, өмір жолы жайында әсерлі естеліктерін ортаға салып, кеш жүргізушісі қойған сауалдарға жауап беріп, жатқа білетін өлеңін де өз нақышында оқып берді.
Тоғыз бала өсіп –өнген отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленіп қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы білім ордасынан білім алып, ұстаздық жолын сонау Жымпитының алыс ауылында 18 жасында ақ бастап кеткен Алтынай Жауарбекқызының ұстаздық жолы әлі күнге биік абыроймен жалғасып келеді. Ұлы Отан соғысының батыры Есен Орақбаевқа соғыс туралы альбом ұсынып, ұлы ақындар Жұбан мен Қадырдың алдында өлең оқып, бата алған ұстаз өлең жырларды да мәнерлеп жатқа оқығанда алдына жан салмастай жүйріктігін де, талай мәрте дәлелдеген жан.
Көрегенді әке мен шешенің адал тәрбиесін алған,кісіге қылдай қиянат жасамай тек жақсылық жасау мен адами қарапайымдылықты әкенің қаны ананың сүтімен бойына дарытқан ұстаздың әкесі - Жауарбектің соғыс жылдарында тылда талмай жұмыс жасап, соғыстан соң да еңбек майданында шыдалғаны ұстаз шәкіртінің «Еңбекпен ерте есейген»атты мақаласында әсерлі бейнелеген.
Салтанатты шара ардагер ұстаздар: Мазура Мұхамбетова ,Шолпан Нәбидоллина, Райгүл Иманғалиева,Ләззат Қажыгереева, кластас әріптестері Ғалия Зекешова, Сәуле Қарасаевалардың әдемі естеліктерімен , ақ жарма тілектерімен жалғасты.Бейне экран арқылы - ұстазы Қазақ ССР- іне еңбегі сіңген мұғалімі Зәуреш Сапарованың құттықтау тілегі тамашаланды.
«Ұстаздың атын шәкірті шығарады» демекші, Алтынай Жауарбекқызы ширек ғасырдан астам ұстаздық ғұмырында шыңнан көрінген мамандар шоғырын тәрбиелеп шығарды. Шараға арнайы келген бүгінде қоғамның әр түкпірінде абыройлы еңбек етіп жатқан шәкірттері де сөз алып, құттықтау тілектерін арнады.
Алтынай Жауарбекқызы мамандық таңдаудан жаңылмақ түгелі керісінше табандылық танытып, таңдаған мамандықтың биігін бағындырған жан. Оқытушылардың ізінен оза шауып, шәкірттер оқитын оқулықтар жазған.Осы тұста мерейтой иесі жазған газет- журналдардағы ғылыми мақалалар мен оқулықтар жайында ізбасар әріптесі, кафедра оқытушысы Ақгүл Сағындыққызы сөз алып, ұстаздың еңбектерінен ұйымдастырылған көрмені көпшілікке таныстырды.
Шара соңында қазақтың ұлттық қобыз өнерін дәріптеп жүрген ұстаздың қызы Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрінің артисті, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, педагогика ғылымдарының магистрі Әйгерім Азаматқызы қобызда ойнап жиналған қауымға керемет көңіл-күй сыйласа, 1-курс студенттері Аманжол Самира, Уалихан Ералхан ,2- курс студенттері Салимова Жаннұр мен Ислямова Гүлмира Алтынай ұстаздарына арнап шығарған «Арнау» өлеңдерін оқып мерейтой иесінің мерейін асырды.