Бастауыш мектеп – оқушыны тұлға етіп қалыптастырудың алғашқы баспалдағы. Баланың кейінгі және болшақтағы білімі бастауыш буындағы білімінің сапалылығына тікелей байланысты. Кіші мектеп жасындағы оқушылардың негізгі ерекшелігі- білімді қызығушылықпен алуы. Ол үшін оқу үрдісін бала талпынатындай және қызығатындай формада ұйымдастыру керек.
Алдына қойған мақсатқа жету үшін мұғалім кез келген технологияны таңдауға ерікті. Қазіргі заман талабы оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруда ақпараттық технологияның тиімділігін қолдану болып табылады. Ақпараттық қоғамның негізгі талабы-оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық-құрылымдық ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны өзіндік даму мен оны іске асыру құралы ретінде пайдалану дағдысын қалыптастырып, цифрлық қоғамға бейімдеу маңыздылығын көрсетіп отыр.
Бастауыш сынып мұғалімдерінің ақпараттық технологиялық құзіреттілігін арттыру мақсатында Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі облыстағы бастауыш мектеп мұғалімдеріне арналған «Бастауышқа-бастамамен» жобасын қолға алған болатын. Жобаны ұйымдастырушылар: БҚО Білім беруді дамыту орталығы, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж директоры А.Кайрлиева, директордың оқу-әдістемелік орынбасары Г.Нурашева, колледждің ақпараттық-әдістемелік орталығы және оқытушы-әдіскерлер.
Жоба жұмысы аясында «білім беру үрдісінде цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін қолдану» тақырыбындағы облыстық семинар-практикум өткізілді. Мақсаты: Бастауыш сынып мұғалімдерінің ақпараттық коммуникациялық технологиялық құзіреттіліктерін дамыту, балалардың білімге деген қызығушылықтарын арттыру негізінде түрлі цифрлық платформалардың және жаңа әдістемелік технологиялардың мүмкіндіктерін меңгеру.
Облысымыздағы соның ішінде шағын жинақты мектептердегі бастауыш сынып мұғалімдерін білім беру тарихы терең Жаһанша білім ордасында тоғыстырып, жоғары деңгейде ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетілді. Бастауыш сынып оқушылары өмір сүретін цифрлық орта оқу мен оқыту әдістерін қайта ойластыруды қажет етіп отыр. Ресурстар мен контенттер - білім берудегі басты қажеттілігі болып табылады. Аталған қажеттіліктерді цифрлық сервис немесе платформалар арқылы балаларға жеткізу - бастауыш сыныпта оқытудың маңызды тетігіне айналып отыр. Семинар-практикум соңғы үлгідегі цифрлық технологиялармен жабдықталған кабинеттерден басталды: Бастауыш сыныптың жаратылыстану пәнін оқытуға арналған «STEM-білім беру мен оқушылардың зертеушілік дағдыларын дамыту» кабинеті оқушыларға физика, биология, химия ғылымдарының бастапқы түсініктерін қалыптастыруға арналған құралдар мен цифрлық бағдарламалардан тұрады. Сандық датчиктер, интерактивті панель, шағын зертханалар, арнайы балаларға арналған химиялық ыдыстар, модульдік конструкторлар, робототехника жиынтығы, зияткерлік ойын бағдарламаларына арналған құрылғыларының жұмыс жасау алгоритмін түсіну және аталған ғылымдарды кіріктіріп білім беру әдіс-тәсілдерін үйренді.
«Мектепке дейінгі робототехника және бастауыш сынып» кабинеті балалардың зияткерлік дағдылары мен қол моторикаларын дамытуға арналған роботтық, конструкторлық, бағдарламалық оқу-әдістемелік кешендерден жасақталған. Төртінші деңгейлі UARO роботтық конструкторлары, «Тінтуір алгоритмикасы» мен «Қызықты алгоритмдер» программалық жабдықтары, «STEAM ғаламшары» атты жобалық жұмысқа арналған құрылғылармен таныстырып, жұмыс жасау мүмкіндіктерін түсінді.
Тілдік пәндерді және CLIL тәсілі арқылы информатика, физика, биология пәндерін үшінші тілде оқытуға арналған «Мультимедиалық лингофон» кабинеті инновациялық оқу-әдістемелік және аппараттық кешенінде (Диалог NIBELUNG оқытудың интерактивті мультимедиалық ортасында) практикалық жұмыстар жүргізіп, өздеріне қажетті деген әдістерді игерді. Бұл құрылғылар бастауыш сыныпқа тапсырмас құрал екенін түсінгендей. Бастауыш сынып мұғалімдерін It-сыныптарда үш топқа бөліп, сабақ үрдісінде оқушыларға қызықты, түсінікті, қарапайым интерфейстерді және онлайн тақталардың артықшылықтарын ақпараттық-әдістемелік орталық қызметкерлері кең ауқымды түрде түсіндірді. Онлайн тақталарды атап өтетін болсақ; jamboard, AMW board, Miro, Whiteboard Fox т.б. Бұл атаулы сервистер білім алушылармен сабақ үрдісінде бірлескен жобалар, тапсырмалар, кері байланыстарды жүйелі өткізуде тиімді құралдар. Ойды тұжырымдай келе бастауыш сынып мұғалімдері оқушыларға (ойын балаларна) АКТ-ны қолдану 1-4 сыныптарда аса өзекті болып саналады. Бастауыш сынып оқушыларында негізгі ойлау әрекеті -көрнекілік-образды. Сондықтан, оларды оқытуда көптеген сапалы иллюстрацияларды қолдануда АКТ-ның үлесі зор. Тақырып мазмұнын игеруде тек көру емес, сонымен бірге есту, іс-әрекет орындау, эмоция мен қиял да қосылады. Компьютерлік технологиялар - біздің келешегіміз. Ол баланың интеллектуалдық дамуына, ойлау процестерін арттыруға, ақпараттармен жұмыс істеу мүмкіншіліктеріне зор ықпал етеді. Ахмет Байтұрсынұлы өз сөзінде «Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек» деп айтқан. Бірақ, тек компьютерге жүгінуге, оны білім алудың жалғыз арнасына айналдыруға болмайды. Айналадағы қоршаған ортаны тануда кітап оқу, бақылау және ең маңыздысы жанды қарым-қатынас екенін ұмытпағанымыз жөн.
Әдебиеттер:
- https://bilimainasy.kz/ «Бастауыш мектептегі білім берудің қазіргі заманғы тәсілдері»;
- «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнін оқыту әдістемесі» пәні бойынша әдістемелік ұсынымдар. Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ. Нұр-Сұлтан, 2019;
- Оливер В., Оливер Н. Новые технологии в обучении. С.Пб.: БХВ – Санкт-Петербург, 2000;
Акан Маликулы БИЖАНОВ,
Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі директорының
ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі