«Адамның адамгершілігі – жақсы ұстаздан...» Абай.
Ұстаз! Осы сөзде қаншама құдыретті, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешбір адам жоқ. Ендеше осы қасиетті сөздің иесі болу-бақыт. Ұлы ғұлама, оқытушы Ы.Алтынсарин: «... жақсы мұғалім- мектептің жүрегі» деген еді. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің де іске аспайтыыны белгілі. Ұстаз- адам бағдарын жасаушы. Ұстаз-бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі.
Ұстаз ретінде мен тек қана жалаң білім беріп қоюмен шектеліп қалмауға барынша тырысамын. Алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан-дүниесіне жол таба білу менің міндетім деп түсінемін. Шәкірттеріме рухани қуат беріп, үнемі қолдау көрсетуге тырысамын. Өз педагогикалық тәжірибемде оқу мен тәрбие жұмысын ұштастыра, байланыстыра жүргіземін. «Адамның адамгершілігі – жақсы ұстаздан» деп Абай айтқандай, мен қандай болсам, алдымдағы шәкірттерім де сондай болып шығарын түсінемін. Шынында да, бала болашағы-менің қолымда. Қызығы да, қиындығы да мол ұстаздық жолдан мүдірмей өтсем, менің де биік шыңға шыққаным.
Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға» деген қасиетті қағидасы менің әрдайым жүрегімнің түкпіірінде ұстайтын ұстанымым. Егер әр шәкіртім өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?
Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен, өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын-еліміздің келер күнгі келбеті. Ол үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Ұстазға тән мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады: дүниетанымдық көзқарасы, сенімі, қызметке бейімділігі, кәсіптік білімі мен біліктілігі, қамқорлық көзқарас, сүйіспеншілік сезім, ұйымдастырушылық қабілет, заманға сай жаңашылдық.
Шәкірт бойына қазіргі заман талабына сәйкес, жан-жақты маман болып, өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, ұстаздық жолды таңдаған адам тынымсыз еңбектенуі қажет. Мұғалім шәкірттері үшін қандай да бір пән бойынша білім беретін адам ғана емес, сондай ақ олардың оқудағы еңбегін қызықты, тиімді ұйымдастыра алатын, оларға таңдаған мамандығының еркешілігін, қасиеттілігін, ұстаздық мамандыққа деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруда үлгі болатын, ерекше тұлға болуы керек. Ұстаз-білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді,барлық пенденің бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі.
Осындай даралық қасиеттер ұстаздық бақытқа жеткізеді. Мұғалімнің өзі жеке тұлғаға көтерілмей, мұндай зор мақсатқа жету мүмкін емес. Бақыттың үлкені-өзіңді өзің тану. Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол алдыңдағы шәкіртіңнің қияға қанат қағып, маман болып қалыптасып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз.
Мен, Утебаева Айгерім Кеңесқызы, 1984ж Алматыдағы Қазақтың Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітіріп, жолдамамен Орал педагогикалық училищесіне жас маман болып келген сәттен бастап, ұстаздық өмірдің қыр-сырын жалықпай үйреніп келдім. Қазіргі кезде Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі деп аталатын оқу орны менің екінші үйімдей, ұжымы өз отбасы мүшелерімдей болып кетті десем артық айтпаспын. Жалпы, мен өзімді жолы болғыш адамдардың қатарына жатқызамын. Еңбек жолымда Шалқыма Хайроллақызы Құрманалина, Гүлбара Ғайноллаұызы Жұмалиева, Райса Ғаббасқызы Шинтемирова, Роза Әжімұратқызы Сүлейменова сынды майталман ұстаздар кездескені мен үшін бағыт-бағдар болды. Осы жандардың өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, адалдығы, өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя біліп, үнемі біліктілігін дамытудағы еңбекқорлығы мен үшін үлгі болды.20 жылдай музыка пәнінен дәріс беріп келген маған, сол кездегі колледж директоры Шалқыма Хайроллақызы музыка кафедрасына жетекшілік ету жұмысын сеніп тапсырды. 2004-2018 жж аралығында осы жауапкершілікті атқара отырып, көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Дәлірек айтсақ, «Музыкалық білім беру» мамандығын даярлау жұмысы жүйелі түрде жолға қойылып, болашақ мамандарға білім мен тәрбие беру ісі жоғары деңгейден көрінді. Кафедрамызда жоғарыда аталған ұстаздармен қатар, көптеген өз ісінің майталмандары, Бақыт Хамешқызы Мукажанова, Виктор Сергеевич Илларионов, Ирина Александровна Фолимонова, Татьяна Степановна Ольхова, Серік Атокович Утешкалиев, Қазима Бақтығалиевна Ишанбергенова, Бақытжан Нағымұлы Бакимов, Валерий Анатольевич Кожевников, Нұргүл Муратовна Нурушева, Армангүл АЙдаровна Батырхановалармен қатар, облыс, қаламызға танымал кәсіби мамандар, Еркін Шаяхметұлы Нұрымбетов, Мұрат Әмірханұлы Әмірханов, Ермак Өтепұлы Молдабеков, Гүлнар Оразовна Негметова, Майра Жолдыбаевна Хайдарова сынды ұстаздар дәріс беруге шақыртылды. Заман талабына сай, жұмыс берушілердің, ата-аналардың талап-тілегін ескере отырып, мамандыққа қосымша «Хореография пәнінің мұғалімі» біліктілігі оқу жоспарына енгізіліп, басшылық тарапынан пәнді оқытуға барлық жағдай жасалды. Хореография пәнінің оқытушысы, қаламызға танымал, майталман маман, Гүлмейрам Әлібекқызы Қуанышева шақыртылды. Осы жылдар аралығанда шәкірттеріміз талай жоғары биіктіктерді бағындырып, көптеген халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық байқаулардың алдынан көрініп, жүлделі орындарды жеңіп алды. 2015 жылы Атырау қаласында өткен «Ақ сұңқар»жасөспірімдерге арналған Халықаралық конкурста «Әдемі-ай» қыздар квартеті (жетекшісі: Р.Қуаншалиева) 1ші орынды, 2016 ж Самара қаласында өткен «Шаг за шагом» Халықаралық конкурста Искаков Демесін, Утеулиева Ақырыс 1ші орынды, осы жылы ХІІІ Ұлттық Дельфий ойындарында Мейірбек Жанболат күміс медаль иегері (жетекшісі: А.К.Утебаева), Саягүл Гайсина(жетекшісі: Г.А.Қуанышева), алтын медаль иегері, 3 курс студенттері Халықаралық, республикалық конкурстардың жеңімпаздары Азамат Губайдуллин, ТұрлыханАбуханов(жетекшілері:Е.Ш.Нұрымбетов),2016ж Саратов қаласында өткен Халықаралық конкурста Махметжанов Арман жүлделі бірінші орындарды жеңіп алды. 2017жылы Астана гуманитарлық колледжі жанында ұйымдастырылған «Музыкалық білім» мамандығы студенттерінің арасындағы 1ші республикалық конкурста Ермеккалиева Еңлік, Ермекқызы Жасмина (жетекшілері:В.А.Кожевников) жүлделі бірінші орындарды , колледждің «Жауқазын» бишілер ансамблі Атырау қаласында өткен Халықаралық бишілер конкурсында Гран-ПРИ жеңіп алып, колледжіміздің мерейін талай асқақтаты. «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатсымен оның мұғалімдігі де жойылады» деп К.Д.Ушинский айтқандай, жаңа заманға сай, жаңашыл ұстаз болу үшін, үнемі ізденіс үстінде болуы және кәсіби шеберлігін шыңдап отыруы қажет деп түсінемін.
Кафедра ұстаздары Р.А.Сүлейменова, Г.Г.Жұмалиевалардың көп жылғы ұстаздық еңбегінің нәтижесі «Музыка сабағының әдістемесі» оқулықтары республикалық «Фолиант» баспасынан шығарылып, таратылды. Оқытушы А.К.Утебаеваның «Бастауыш білім» мамандығы «Музыка пәнін оқыту әдістемесі» оқу бағдарламасы республикалық «Білім» бейінінен бекітіліп, осы мамандық бойынша республикалық колледждерге ұсынылды. Осындай қажырлы еңбек нәтижесінде алдымыздан талай түлектер мамандыққа даярланып,колледж қабырғасынан ұшып шығып, өмірге араласты. Өмірден өз орындарын тауып, кәсіби жетістіктерге де жеткен түлектерімізді көргенде кеудемізді қуаныш сезімі билейді.2015жылғы өзім кураторлық еткен топ түлегі Қанат Амангелдіұлы Есқайыров, жоғарғы оқу орнын үздік тәмәмдап, музыка мектебінде дәріс беріп, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Қазіргі кезде өз ортамызда әріптес ретінде еңбек етуде. Дулат Бисенов атты түлегіміз Серебряков орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Қайыржанов Табиғат қаламыздағы №33 ЖОББМ директордың тәрбие- ісі жөніндегі орынбасары, Қазмағанбетова Назгүл №30 ЖОББМ музыка пәнінің мұғалімі және қалалық музыка мұғалімдер бірлестігінің жетекшісі болып қызмет атқаруда.
Ортасы шәкіртке толған, сол шәкірттің ертең білікті маман болып шығуына аянбай еңбек етіп, санасына нұр құятын бұл мамандық - мен үшін қашан да ыстық, қашан да асқақ! Мамандығым менің-мақтанышым менің!
А.К.Утебаева