Биылғы оқу жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл, заңғар жазушы М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай өткізілген шаралардан бастау алды. Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы 2020-21 оқу жылынан бері дәстүрлі түрде 5-қыркүйек- А.Байтұрсынұлының туған күні-Тілдер мерекесі күніне орай «Ұлт ұстазы» тақырыбында мамандық студенттері арасында танымдық шараны жүйелі өткізіп келеді. Мұнда ғалымның өмірі мен шығармашылығына шолу жасалып, «Тіл тағылымы» еңбектер жинағынан Ахмет Байтұрсынұлының әдіскерлік, лингвист ғалым, әдебиеттанушы ғалым ретіндегі еңбектерінен танымдық-тағылымдық ақпараттар берілді. «Дәуірдің жарық жұлдызы» тақырыбында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының артында қалған мол мұрасын зерделеу, оның әдіскерлік, ғалымдық, қайраткерлік, композиторлық т.б қырларын жан-жақты ашу арқылы болашақ маманға ұлтқа адал қызмет етудің үлгісін танытуды мақсат тұтты.
«Зерде» клубының жетекшісі, тәжірибелі оқытушы Қ.Ү.Жақыпованың ұйымдастыруымен «Тұлғалар үндестігі» тақырыбында дәріс сабағы жоғары деңгейде ұйымдастырылған танымы мол шаралардың бірі болды. Дәріс сабақта «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген А.Байтұрсынұлы Абайды салған беттен-ақ тап басып танып, 1913 жылы «Қазақтың бас ақыны» деген сөзді тайға басқан таңбадай етіп, тарих тұғырына бір-ақ көтерген мақаласы мен заманымыздың заңғар жазушысы атанған М.О.Әуезовтің «Ахаңның елу жылдық тойы» атты мақаласы негізінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұхтар Әуезов секілді ұлт тұлғаларының арасындағы үндестікті ашуға талпыныс жасалды. Екі топтың студенттерін ортаға шығарып, екі мақаладан үзінділерді жатқа айтып, өзара үндестікті атады. Оқытушы дәріс сабағында қос тұлғаның үндестігін бір ғана мақала аясында қарастыра отырып, М.Әуезовтің «Абай жолы» секілді ұлы шығармасын жазуына А.Байтұрсынұлының Абай туралы көлемді мақаласы себеп болуы да мүмкін деген пікір айтады. Сондай-ақ дәріс барысында А.Байтұрсынұлының 1988жылы ақталғанға дейін орыс ғалымдары А.Н.Самойлович 1919жылы «Түркі халықтарының әдебиеті» мақаласында «А.Байтұрсынұлы- қазақтың бірінші көрнекті лингвист-ғалымы», Е.Д.Поливанов 1924жылы «Новая казах-киргизская (Байтурсуновская) орфография» мақаласында:«...Енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жекеленген ұлттық графика», А.Н.Кононов 1974жылы А.Байтұрсынұлының өмірбаяндық деректерін «Отандық тюркологтардың библиографиялық сөздігіне» енгізгендігі туралы мәліметтер берілді.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы: шығармалары мен педагогикалық көзқарасының бүгінгі білім беру мазмұнымен үндестігі» тақырыбындағы облыстық ғылыми-әдістемелік конференция да өз деңгейінде өткен шара болды. Конференцияға жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері, әдіскерлер, колледж оқытушылары, студенттер қатысып тәжірибе алмасты. Кафедра оқытушыларының А.Байтұрсынов мұражайына онлайн саяхаты, студенттердің колледжаралық «Ахмет оқулары» мәнерлеп оқу байқауы, REDx, және түрлі форматтағы шаралар өз дәрежесінде өтті. Туған халқы үшін қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсеткен Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын танытуға арналған шаралар жалғасын тауып, ұлт ұстазының ұлы мұрасы насихаттала бермек.
Б.М.Каримова-Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті кафедарасының меңгерушісі.